Осы Қағидаларда қолданылатын терминдер мен анықтамалар:
Көрме іс-шарасы — тауарлар, қызметтер мен ақпарат көрсетілетін, алдын ала белгіленген мерзімдерде және белгілі бір кезеңділікпен өтетін, сондай-ақ соған ілеспе конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және т.б. қамтылатын іс-шара.
Көрме кешені — көрме іс-шараларын өткізу үшін пайдаланылатын ғимараттар мен құрылыстар орналасқан оқшауланған аумақ.
Экспонент — көрмеде тауарлар мен қызметтерді ұсынатын ұйым немесе тұлға.
Экспонат — экспонент көрме жабдықтарын пайдалана отырып, көрме іс-шарасында көпшілікке көрсету үшін ұсынған заттай үлгі, объект немесе ақпарат.
Экспозиция — көрме іс-шарасында барлық экспонаттарды көрсетуге арналған ортақ кеңістік.
Көрме іс-шарасының персоналы — Іс-шараны ұйымдастыру және өткізу процестеріне Ұйымдастырушы тағайындаған немесе тартқан кез келген ресми қызметкер, ерікті немесе үшінші тұлға, оның ішінде қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп қызметтерінің өкілдері.
Келуші — экспозициямен танысу, іскерлік келіссөздер жүргізу және келісімдер жасасу мақсатында көрмеге келетін тұлға.
1. КІРІСПЕ
1.1. Осы Қағидалар келушілердің қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
1.2. Қағидалар көрме кешенінің аумағына көрме іс-шараларына (бұдан әрі – Іс-шара) бару үшін келушілерді өткізу тәртібін айқындайды. Іс-шараны «Астана-Экспо КС Көрме компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – «Ұйымдастырушы») ұйымдастырады. Сондай-ақ бұл Қағидалар Іс-шаралардағы келушілердің мінез-құлық ережелерін белгілейді.
1.3. Іс-шаралар өткізілетін көрме кешенінің әкімшілігі белгілеген келу қағидалары осы Қағидаларға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
1.4. Ұйымдастырушы осы Қағидаларға өз қалауынша өзгерістер енгізу құқығын өзінде қалдырады.
2. ІС-ШАРАҒА КІРУ ТӘРТІБІ
2.1. Көрме кешенінің аумағына кіру және Іс-шараға қатысу үшін келушілер Ұйымдастырушы мен көрме кешені әкімшілігі белгілеген жерлерде орнатылған турникет топтары арқылы арнайы бақылаудан, ал қажет болған жағдайда – қол жүгі мен жеке заттарды қарауды қамтитын жеке тексеруден өтуге тиіс.
2.2. Іс-шараға кірудің негізі – электрондық немесе алдын ала басып шығарылған келуші бейджі. Бейдж электрондық тіркеуден өткеннен кейін (электрондық сауалнаманы толтыру арқылы) қалыптастырылады.
Әдетте бейджде келушінің тегі мен аты, сондай-ақ қажет болған жағдайда ол ұсынатын ұйым мен лауазымы көрсетіледі.
Бейдж Іс-шараның бүкіл өткізілу мерзімі ішінде жарамды.
2.4. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бейдж журналист куәлігін ұсыну арқылы аккредиттеуден өткеннен кейін беріледі.
2.5. Бейджді үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады. Экспозицияға өтуді бақылайтын Ұйымдастырушы немесе Іс-шара персоналы бейдждегі деректердің жеке басын куәландыратын құжаттағы мәліметтерге сәйкестігін тексеруге құқылы.
2.6. Іс-шараға тіркелу ақылы да, ақысыз да негізде жүзеге асырылуы мүмкін.
Тіркеу жарнасының мөлшерін, төлеу тәртібі мен шарттарын Ұйымдастырушы белгілейді. Тіркеу жарнасын төлеу (егер ол белгіленсе) келуші бейджін алу мен Іс-шараға кірудің міндетті шарты болып табылады.
3. ЖАС ШЕКТЕУЛЕРІ
3.1. Іс-шараларға 18 жасқа толған тұлғаларға ғана қатысуға рұқсат етіледі.
3.2. Ерекше жағдайда және танымдық мақсатта 14 пен 18 жас аралығындағы тұлғалар көрмеге және оның аумағына тек ересек адамдардың (18 жастан асқан) қатаң еріп жүруімен жіберілуі мүмкін. Олар кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы үшін толық жауапкершілік алады және осы туралы тиісті қолхат нысанын толтырады.
3.3. Жас шектеуі экспонаттар мен Іс-шара материалдарының белгілі бір кәсіби дайындықты немесе хабардарлықты талап ететін ересек аудиторияға арналуымен, сондай-ақ келушілердің жеке қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау мақсатымен түсіндіріледі.
4. МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ
4.1. Келушілер көрме кешенінің аумағында, оған іргелес аумақта және Іс-шара өтетін экспозицияда қоғамдық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ Ұйымдастырушы мен көрме кешені әкімшілігінің заңды талаптарын орындауға міндетті.
4.2. Келушілерге тыйым салынады:
атыс, газ және суық қарудың барлық түрлерін, жарылғыш заттарды, тез тұтанатын материалдарды, пиротехниканы, сондай-ақ улы, уытты және күйдіргіш заттарды Іс-шара аумағына алып келуге;
Іс-шара аумағында алкоголь өнімдерін, есірткі және психотроптық заттарды алып келуге және пайдалануға, алкогольдік, есірткілік немесе уыттық мас күйде болуға;
Іс-шараның іскерлік сипатына және жалпы қабылданған кәсіби әдеп нормаларына сай келмейтін әрекеттер жасауға;
Ұйымдастырушының, Іс-шара қатысушыларының және/немесе көрме кешенінің мүлкіне, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер жасауға;
рұқсат етілмеген митингілер, демонстрациялар, шеру, пикет, келісілмеген жарнамалық акциялар, флешмобтар және сауданың барлық түрлерін өткізуге;
Ұйымдастырушының жазбаша келісімінсіз баспа материалдарын, плакаттарды, флаерлерді және басқа да жарнамалық/ақпараттық өнімдерді таратуға;
тиісті экспоненттің рұқсатынсыз экспонаттарға қолмен немесе басқа заттармен жанасуға;
кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдыруға;
экспозиция аумағында велосипедпен, самокатпен, роликпен және өзге ұқсас көлік не спорт құралдарымен қозғалуға;
қайыр сұрауға, аумақты ластауға, қоқыс тастауға, басқа келушілер мен экспонаттарды былғайтын киіммен, заттармен, азық-түлікпен жүруге;
Іс-шара аумағына жануарлармен кіруге;
арнайы белгіленген орындардан басқа жерлерде темекі, соның ішінде электрондық темекі шегуге.
4.3. Іс-шара аумағында иесіз заттар немесе күмәнді заттар анықталған жағдайда келушілер бұл туралы дереу Ұйымдастырушы өкіліне немесе көрме кешені қызметкеріне хабарлауға міндетті.
4.4. Келушілер Іс-шара аумағына кіреберісте орналастырылған өрт кезіндегі эвакуация жоспарынымен танысуға міндетті.
4.5. Төтенше жағдай туындаған кезде келушілер Ұйымдастырушы өкілдерінің және/немесе көрме кешені қызметкерлерінің талаптарын орындауға міндетті.
5. ЖАУАПКЕРШІЛІК
5.1. Келесі жағдайларда келушіге Іс-шараға кіруге тыйым салынуы немесе ол Іс-шарадан шығарылуы мүмкін:
осы Қағидаларға сәйкес берілген бейдж болмаған жағдайда;
2.1-тармақта көзделген бақылаудан өтуден бас тартқанда;
тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағанда;
қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер жасағанда немесе қайыршылықпен айналысқанда;
осы Қағидаларды және Ұйымдастырушының, Іс-шара персоналының, көрме кешені өкілдерінің заңды талаптарын орындамаған жағдайда.
5.2. Келуші заңға қайшы әрекеттер жасаған жағдайда ол әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін құқық қорғау органдарына тапсырылуы мүмкін.
5.3. Ұйымдастырушының, көрме кешенінің немесе Іс-шараға қатысушылардың мүлкіне келтірілген материалдық залал Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өтелуге тиіс.